CaspianLife, 18 қазан. «Интаго Қазақстан» жобасының жаңа цехы жыл соңына дейін іске қосылады.
Қазіргі таңда полимерлерді балқытып қайта өңдеу және көлемді геотор шығаратын цех құрылысы 90% аяқталды. Бұл туралы «Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры Азамат Асылбеков айтты , — деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
«Интаго 2» жобасы арқылы іске қосылған цехта өндірілген өнім жол құрылысына пайдаланылады. Тасжолдарды су шайып кетуден сақтап, жол жиектерін нығайтуға қолданылады.
Сонымен қатар, Қазақстанда баламасы жоқ «Интаго 3» жобасының да құрылысы жүріп жатыр. Мұнда болашақта КРІ зауытында өндірілетін полипропиленнен екі және үш осьті геоторлар шығарылады. Олар да жол-құрылыс жұмыстарына таптырмас материал. Яғни, полипропиленнен дайындалған геоторлар тасжол табанының берік болуын қамтамасыз етеді . Бүгінде кешен жұмысын бастау үшін құрылғылар сатып алу бойынша келіссөздер аяқталған.
— Біз бұл жерде кластерлік принципті жүзеге асырудамыз. Бір өнім екінші өнімге шикізат береді. Екінші өнімнен шыққан өнім үшінші өнімге пайдаланылады. Полипропиленді КРІ-дан сатып аламыз. Ал политэленді алдағы уақытта қосылатын «Силлено» зауытынан алу жоспарда бар, — деді Азамат Асылбеков.
Айта кетейік, қыркүйек айында «Интаго 1» жобасының тоқыма емес геотекстиль өндіретін зауыты ашылған еді. Қазіргі таңда кәсіпорын экспортқа арналған 300 000 шаршы метр тапсырысты дайындап жатыр.
Аталған үш жобаның құны шамамен 4 млрд теңгеден асады. Кәсіпорындар толық іске қосылған соң облыста 130 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.