CaspianLife, 10 қазан.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылық инспекциясының қызметкерлері, «Сағиева» шаруа қожалығы және «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС жұмысшылары бірлесіп, Атырау маңындағы Соколок каналынан балық шабақтарын құтқару жұмыстарын жүргізді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы балық шаруашылығы комитетінің мәліметіне сәйкес, «…жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 1 миллион 550 мың балық шабағы құтқарылып, тірі күйінде Жайық өзеніне жіберілді». Құтқару жұмыстарына барлығы он бес адам қатысты, екі жеңіл автокөлік және бір ауыр техника (КамАЗ) тартылды.
«2024 жылдың маусымынан бастап шұңқырланған су қоймаларынан 121 млн. 165 мың 595 балық және балық шабақтары құтқарылды, оның ішінде Атырау облысында – 94 млн. 915 мың 595, Батыс Қазақстан облысында – 26 млн. 250 мың», — деп хабарлады балық шаруашылығы комитеті.
Сондай-ақ, Жайық-Каспий бассейні су қоймаларынан балық шабақтарын құтқару жұмыстары әлі де жалғасып, Инспекция тұрақты бақылауда ұстап отыр.