CaspianLife, 28 маусым — Бүгінгі таңда Атырауда есірткіге қатысты 82 құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 8 кг-нан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Атырау облысының прокуратурасының хабарлауынша, қадағалау органының үйлестіруімен жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қала аумағында заңсыз «фито» зертхана ұйымдастырған Атырау қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Одан құрамында есірткі заттары бар 68 өсімдік тәркіленді.
«Есірткі заттарын интернет арқылы таратуды болдырмау мақсатында әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жүргізілуде. Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жүргізілген акциялар мен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде әртүрлі сайттардан есірткі жарнамасы бар отыздан астам жазба жойылды. Жыл басынан бері «Кибер-бақылау» бағдарламасы бойынша заңсыз контенті бар алпыс сайт анықталып, оларды бұғаттау мақсатында ІІМ-ге жіберілді», — деп мәлімдеді прокуратура.
Сонымен қатар, жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықпен күрес шаралары жүргізіліп жатқаны хабарланады. Мысалы, Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне дайындық аясында жергілікті атқарушы және құзырлы органдардың өкілдерін, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық белсенділер және спортшыларды тарта отырып арнайы жоспар әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыс күнделікті қатаң бақылауда тұр.