CaspianLife, 3 мамыр — Тасқынның алдын алу мақсатында кезекшілік бекеттер тәулік бойы су деңгейін бақылап, қорғаныс дамбаларының бойында сақтық шараларын күшейтуде. Жайық бойын жағалай орналасқан ауылдардың барлығында қазір тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып жатыр.
«Қазіргі уақытта келіп жатқан су алдын — ала тазартылып дайындалған каналдарға жіберіліп жатыр. Бөгеттер ашылды. Келген су көлдерге, сай салаға құйылуда. Әзірге, Жайық өзеніндегі жағдай қалыпты, су қатерлі деңгейге жете қоймады. Бірақ, судың үлкен көлемі алдағы күндері келеді деп күтіп отырмыз» .
Еске сала кетелік, Махамбет ауданында 21 елдімекен бар. Оның ішінде, Жайық бойын жағалай орналасқан елдімекендер саны 18. Қазіргі уақытта ол аумаққа 105 шақырым болатын дамбы соғылды. Бүгінде қосымша бекіту, биіктету жұмыстары жалғасуда. Махамбет ауданы бойынша жаға бекіту жұмыстарына 108 техника, 651 жауынгер, 200 төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, 320 ерікті жұмылдырылды.