CaspianLife, 5 наурыз — Атырау мұнай өңдеу зауытының 80-нен астам жұмысшысы ҚР Президенті Қасым-жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, — деп хабарлайды петрокансл телеграм каналы. Мемлекет басшысына 3 бет хат жазған жандардың айтуынша Атырау мұнай өңдеу зауыты 2022 жылдан бері алаңсыз жұмыс жасаудан қалыпты. Өйткені құқық қорғау органдары тарапынан тексеріс көп және өндірістік сектор жұмысшылары өз міндеттерін орындағаннан гөрі басқа шаруамен айналысқанды жөн көреді-міс. «Біз Атырау мұнай өңдеу зауытының білікті қызметкерлері, шындығына келгенде осының бәрінен шаршадық. Әбден қажып кеттік, мотивация дегенді тіпті ұмыттық. Сондықтан сіздің осы іске жедел араласып, дұрыс шешім қабылдауыңызды, мына бассыздықты тоқтатуыңызды сұраймыз», — делінген үндеуде.