CaspianLife, 1 наурыз — Атырауға «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев келді. Ол Атырау мұнай өңдеу зауыты мен KPI-ға барды. Қазмұнайгаз басшысы алдымен мұнай өңдеу зауытындағы басты технологиялық қондырғылар, негізгі эстакадаларды аралап, теміржолды көрген. Кәсіпорын басшысының міндетін атқарушы Олег Лызлов жуықта жанармай төгілгенін растап, бірақ бұл жағдайдың өндіріске әсер етпегенін айтты. Және бутендерді олигомеризациялау қондырғысы мен автоматтандырылған ашық түсті мұнай өнімдерін құю қондырғысының жұмысы туралы мәлімет берді. Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Өнім шығару мен жөнелтуде іркіліс жоқ. Былтыр зауытта 5,5 млн тонна мұнай өңделіп, 4,9 млн тоннаға жуық тауарлық өнім шығарылған. Орташа өңдеу тереңдігі 82,1% пайызға өскен. Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, зауыттың модернизациядан өтпеген, ескі бөлігіндегі жабдықтары 40-шы жылдардан бері ауыспаған. Қазір кәсіпорында операциялық тиімділікті арттыру жобасы қолға алыныпты. Жоба аясында кәсіпорынның сол ескі бөлігінің негізгі жабдықтарын жаңарту жоспарланған. Зауытты аралаған соң «ҚазМұнайГаз» басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына кәсіпорынның тұрақты әрі апатсыз жұмысын қамтамасыз етуді, өндірістік бағдарламаның орындалуын, операциялық тиімділікті арттыру жобасының іске асырылуын тапсырды. Мағзұм Мырзағалиевтің өңірге жұмыс сапарымен келетіні туралы БАҚ хабарланбады. Яғни, Қазмұнайгаз басшысы үн-түнсіз келіп кетті деуге негіз бар. Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын АМӨЗ-дегі қондырғылардың бірінде бензин төгілгені туралы ақпарат тарады. Кейін компанияның баспасөз қызметі қондырғыдан атқылап жатқан сұйықтықтың бензин емес, су екенін мәлімдеген еді.