Caspian Life, 2 қазан. Атырауда зейнет жасындағы еріктілер саны көбейіп келеді.
Ресми құжатта күміс волонтер деп те аталатын бұл жандар қарттар үйінің тұрғындарымен, жетімдер үйіндегі кішкентайлармен бірігіп спорттық жарыс ұйымдастырған. Оған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен қариялардың шаңырақтарында қонақ болып, оларға сый-сияпат көрсетіпті. Атырауда 3 ай бұрын басталған «Күміс волонтер» жобасы аясында атқарылған іс-шараларды қорытындылаған жауаптылар осындай мәлімет айтты. Атырау қаласының тұрғыны Айгүл Арыстанова жоба туралы әлеуметтік желіден көріп тіркелген. Жас алпысты адқымдаса да белсенді. Ұйымдастырылған іс-шараның бірінен де қалмауға тырысады.
4 бағыт бойынша жұмыс жасайтын жоба аясында 70-ке жуық іс-шара ұйымдастырылған. Ал Атыраудағы күміс волонтерлардың қатары 85-ке жетіпті.
Жоба облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Мұндағы басты мақсат – 50 жастан асқан азаматтарды волонтерлік қызметке тарту арқылы оларды қоғам өміріне белсенді қатыстыру. Аға буынның өмірі мен еңбек жолын насихаттау арқылы жастарды қайырымдылық жасауға тәрбиелеу.