Caspian Life, 23 қазан. Атырауға жұмыс сапарымен келген көлік министрі Марат Қарабаев бұл жолы да «Атырау-Астрахан» жолын жаңғырту жұмысымен танысты. Бірақ көңіл толарлықтай нәрсе айтпады. Тек өңірге бұған дейін келіп кеткен әріптестері секілді трассаның келер жылы түгел қолданысқа берілетіндігін тағы қайталады.
Сапар аясындағы бұл жұмысқа жауаптыларды жиып алып, тапсырыс беруші мен мердігерлердің есебін тыңдады. Қазіргі кезде аталған трассаның 167 шақырымының төменгі қабаты төселіп, жүргізушілер қызығын көріп жүр.
Министр теңіз тамағын тереңдету жұмыстарын да көзбен көріп қайтты. «Жайық-Каспий» теңіз каналының жалпы ұзындығы – 56 шақырым. Биыл судың түбіндегі 70 мың текше метр жер тереңдетіледі.
Министр мырза облыс орталығындағы теміржол вокзалына да барып, салынғанына жарты ғасыр болған нысанның жай-күйін көзбен көрді. Бірақ, ләм-мим деместен елордаға ұшып кетті.