Caspian Life, 13 қазан.Ақтауда реновация бағдарламасы аясында түрлі жұмыстар атқарылуда. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев 3 шағын ауданда реновация бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысып, тұрғын-үйлердің жай-күйін тексерді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ақтау қаласының 3 шағын ауданындағы реновация бағдарламасы өткен жылы қолданысқа енгізілген. Бұрын бұл бағдарлама «Апатты үйлер»(Ветхое жилье) деп аталған. 3ш/а-дағы реновация жұмыстарына жауапты мекеме — «Құрылыс строй сервис» ЖШС. Серіктестік 2014-2020 жылдары «Ветхое жилье» бағдарламасы бойынша 3 ш/а-дағы тозығы жеткен 15 екі қабатты үйді сүріп, оның орнына 7 тұрғын үй салған. Биыл бұл мекеме 3ш/а реновация бағдарламасы аясында 56 пәтерлік 2 тұрғын үй салды. Бұл тұрғын үйлерге тозығы жеткен бес үйдің тұрғындары көшірілді. Серіктестік директоры Бекмұрат Сақтағанов қала әкімінен реновация арқылы салынған тұрғын үйлердің инфрақұрылым мәселесін шешуді сұрады. -2022-2026 жылдар аралығында реновация бағдарламасы аясында 3ш/а орналасқан 15 тозығы жеткен тұрғын үйді сүріп тастау қажет. Орнына 590 пәтерлік 9 тұрғын үй салынады. Оның ішінде екеуінің құрылысы биыл аяқталды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Реновация жұмыстарын жүргізбес бұрын тозығы жеткен екі қабатты тұрғын үйлер тұрғындарының ұсыныстарына байланысты арнайы сауалнама алынды. Сол сауалнамаға сәйкес тұрғын үйдің жобасы жасақталды.
Ендігі кезекте инфрақұрылым мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын, — деді «Құрылыс строй сервис» ЖШС директоры Бекмұрат Сақтағанов. Қала әкімі аталған нысандағы инфрақұрылым мәселесін шешуді жауапты мекемелермен қарастыратынын жеткізді. -Ақтау қаласы бойынша ескі үйлерге техникалық сараптама жұмыстары жүргізілуде. Үйлері жөндеуді қажет ететін үйлердің тұрғындарына екі ұсыныс бар. Оның бірі – тұрғын үйді жөндеуге арналған қайтарымды қаражат бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы болса, екіншісі – реновация бағдарламасы. Реновация – тұрғындар үшін өте тиімді бағдарлама. Ал инфрақұрылым мәселесі «КЖСА» МКК және «АЭЖБ» мекемелерімен бірлесіп шешіледі, — деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев. Тұрғын үй салып жатқан мердігер мекеме директоры аталған үйлерге жылуды уақытылы беру мәселесін де айтты. Қала әкімі бұл мәселе назарда екенін айтып, 3ш/а-да жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. -Ақтау қаласын 5 аймаққа бөлдік. Бірінші аймаққа 1, 2, 3, 4, 5ш/а-лар кіреді. Осы аймақта жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Яғни тозығы жеткен ескі құбырлар жаңасына ауыстырылып жатыр. Жаңа құбырлар іске қосылған соң жылу бойынша сұрақ туындамайды деп ойлаймын, — деді қала әкімі. Сондай-ақ аталған шағын ауданда биыл реновация бағдарламасы бойынша 190 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталады.