CaspianLife, 4 қазан — Дінмұхамед Қонаев мінген автокөлік Кеңес Рақышевтің жеке коллекциясына өтіп кеткен. Қонаев атындағы халықаралық қор өкілдері көліктен 20 жыл бұрын айырылып қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды CaspianLife.
Қор мәліметінше, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы «ЗИЛ 114» маркалы көлікті қызмет барысында пайдаланған. Қонаевтың қызметтік көлігінің өзгенің иелігінде кетуіне генерал Шабдарбаев себепкер болған.
«Көлік 1976 жылы зауыттан шыққан. Шанақ нөмірі №99. Ұзақ жылдар бойы Д.А. Қонаевтың қызметтік көлігі болды. Ол қайтыс болғаннан кейін 1996 жылы желтоқсанда Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қордың атына қабылданды және есепке алынды. 2004 жылдың сәуір айында генерал А. Шабдарбаевтың өтініші бойынша ретро-карлар көрмесіне қатысу үшін ҚР Президенті Күзет қызметінің гаражына уақытша сақтауға берілді. Содан кейін көліктің қайда екені белгісіз болды. Біршама уақыттан кейін оның Кеңес Рақышевтің жеке коллекциясына өткені анықталды», делінген хабарламада.
Қор өкілдері мұражай жәдігерлерінің бірі ретінде көлікті қайтару туралы бірнеше рет өтініш жасалғанымен, ешқандай жауап ала алмай отырғанын жеткізді.