CaspianLife, 25 қыркүйек — Үкімет 2023 жылғы 21 қыркүйекте «Ақтау теңіз сауда портына халықаралық маңызы бар теңіз порты мәртебесін беру туралы» қаулы қабылдады, деп хабарлайды CaspianLife.
«Ақтау теңіз сауда портына халықаралық маңызы бар теңіз порты мәртебесі берілсін» -делінген мәтінде.
Қаулы 2023 жылғы 21 қыркүйекте күшіне енді.
Құжат Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 шілдедегі жаңа геосаяси жағдайларда республиканың көлік-транзиттік әлеуетін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес қабылданған. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз порттарын Каспий теңізінің жетекші тораптарының біріне айналдыруды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін де Ақтау теңіз сауда портында халықаралық мәртебе болған, алайда 2018 жылдың қыркүйегінде Үкімет қаулысымен ол мәртебеден айырылған еді. Үкімет бұл шешімді портты жекешелендіруге қойылған шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді деп түсіндірді.