CaspianLife, 18 қыркүйек — Қыркүйек айында ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті кезекті ауқымды «STOP-трафик» операциясын жүргізді. Адам саудасына қатысты 30 қылмыс анықталған, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау облысы полиция қызметкерлері 25 жастағы туған сіңілісін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Өзбестан Республиканың тумасын анықтады. Тексеру барысында анықталғандай, күдікті 2021 жылдың мамыр айында жәбірленушіні Ташкенттен Шымкентке, кейін Атырауға әкеліп, азық-түлік дүкеніне сатушы болуға жұмыс ұсынған. Бірақ келген соң құжаттарын алып, физикалық күш көрсеткен және жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Аталған факт Қылмыстық кодекстің 308-бабы (жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысының полицейлері 44 жастағы Өзбекстан азаматын бірнеше жыл бойы алдап, құжаттарын бермей, жұмыс жасатып қойған облыс тұрғынын анықтаған. Күдікті ер адамды мал бағуға, шаруашылық және қосалқы жұмыстарға мәжбүрлеген. Қыстау жақын елді мекеннен 90 шақырым жерде орналасқан. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 126-бабының 3-бөлігі 2-тармағы (Бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір жәбірленушіге көмек көрсетіліп жатыр.