CaspianLife, 1 қыркүйек — Мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі бүгін өз жұмысын бастады, деп хабарлайды CaspianLife.
Дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжіне төрт спорт түрінен: бокс, дзюдо, еркін күрес, таеквандодан 200 бала оқуға түскен. Соның ішінде боксқа — 41, дзюдоға — 92, еркін күреске — 55, таеквандоға — 12 бала қабылданған. Құжаттар тамыз айының 21-не дейін қабылданып, 22 және 23 тамыз күндері оқушылар дене дайындығынан, таңдаған спорт түрінен және мектеп пәндерінен емтихан тапсырған.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев:
— Бүгінгі білім ордасының ашылуы, облыс көлеміндегі спорт саласына жаңа дем береді. Мектеп қабырғасы 120 оқушыға жоспарланғанымен, сұраныстың көп болуына байланысты, облыс әкімінің қолдауымен 200 балаға дейін орын санын көбейтуге шешім қабылданды. Бұл мектеп Атырау облысының ғана емес, еліміздің атын асқақтататын, спортшыларды шығаратын мекенге айналады деген сенімдемін,- деп ақ тілегін білдірді.
Аталған білім ордасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлайым Закиева оқу орнының ерекшеліктеріне тоқтала отырып, алдағы уақытта мектеп-интернаты жанынан колледж ашылып, оқушылар өз білімдерін ары қарай жалғастыра алатынын атап өтті.
Сондай-ақ ол, 2023-2024 оқу жылына сыныптар жасақталып, жаңа оқу жылын бастап отырғанын жеткізді. Дегенмен спорт мектеп-интернатында жылына екі рет, желтоқсан және мамыр айларында оқушылардың білімі, тәртібі және спорттық нәтижесі бойынша талдау жасалмақ. Төмен нәтиже көрсеткен оқушылар мектеп тәртібі бойынша оқудан шығарылады.