CaspianLife, 28 тамыз — Ақтаулық азаматтың үстіне диван лақтырған кінәлі әлі табылмады, деп хабарлайды CaspianLife. Бұған дейін осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Күні кеше үстіне алтыншы қабаттан диван құлап, зардап шеккен ер адам сегіз айдан кейін қайтыс болды. Марқұмның бауырының айтуынша, әр елден дәрігерлер шақыртылып, оның өмірі үшін сегіз ай бойы күрескен. Жәбірленуші 26 тамызда дүниеден өтті.
«Германия мен Ресейден арнайы мамандар шақыруға тура келді, өйткені төсекке ұзақ жатқаннан пайда болған жарасы асқынып кеткендіктен Қазақстанның бірде-бір дәрігері оны қабылдамады. Қайда ғана арызданбадық»,-дейді марқұмның бауыры.
Бұл оқиға осы жылдың қаңтар айында болған. 11 шағын ауданда №41 үйдің жанынан өтіп бара жатқан 39 жастағы ер адамның үстіне жоғары қабаттан жиһаз құлады. Дәрігерлер оған мойын омыртқасының сынуы, жұлынның ауыр контузиясы, толық сал ауруы деген диагноз қойған.