CaspianLife, 10 тамыз — Облыста жыл басынан бері кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп, алайда игерілмеген 64 мың гектардан асатын жер мемлекетке қайтарылды, деп хабаралайды CaspianLife.
Ал былтыр 206 мыңнан асатын гектар жер мемлекет меншігіне өтіпті. Бұл жұмыстар әлі жалғасады. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидың айтуынша шаруалар жер алу үшін дайындаған бизнес жоспарында инвестицияның көлемін молайтып, участокты барынша көбірек алғысы келеді. Бірақ, оны игеруге шамасы жетпей қалады. Ақырында 137 жер учаскесін азаматтар өз еркімен тапсырған. Бұл жүргізілген түсіндірме жұмыстарының оң нәтижесі дейді облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Гүлзия Құрманова.
«Егер де жер учаскесі игерілмеген жағдайда біз 1 жылға нұсқама береміз. Сол 1 жылдың ішінде жер учаскесінің салығы 20 есе еселенеді. Екіншіден, бұл мерзім өткеннен кейін сотқа талап арыз береміз. Сотқа талап арыз беру арқылы біз мәжбүрлеп тартып аламыз. Мәжбүрлеп тартып алынған жер учаскесі реестрға енгізіледі. Жер учаскесі мәжбүрлеп алынған азаматтар келесі жер учаскесін алуға конкурсқа қатысуға 3 жылға дейін мүмкіндігі болмайды. Осы жағдайлардың бәрін түсіндіріп, халыққа жеткізудің нәтижесінде қазіргі таңда осынша жер учаскесі қайтарылды» — деді Атырау облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Гүлзия Құрманова.
Мамандар биыл енді 210 мың гектар жерді мемлекетке қайтару көзделген дейді. Тұрғын үй салу үшін берілетін жер учаскелерінің мәселесіне тоқталсақ. Ресми ақпарат бойынша, қазір облыста жер кезегінде тұрғандардың саны 137 мыңнан асқан. Олардың қатары 1,5 жылдан бері күрт өсіпті. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысына жер беру процесі тоқтап тұр. Өйткені, инфрақұрылым тартылған, дайын алаң жоқ.
Фото: Inbusiness.kz