CaspianLife, 10 тамыз — Азаматтық қоғамды дамыту, жастарды қолдау, ақпараттық саясат және ұлтаралық келісім. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы биыл алты айда жасаған жұмыстары туралы есеп берді, деп хабарлайды CaspianLife.
Гүлнұр Сүйеуованың айтуынша соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жаңа деңгейге көтерілген.
«Біздің жалпы өңірде Азаматтық қоғамды дамыту орталығы, оның бірқатар келелі мәселелерін шешу бағытында 700-дің үстінде үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Соның облыс бойынша 190-ға жуығы белсенді түрде қызмет атқарып келеді. Олардың ең көбі 600-ге жуығы Атырау қаласында болатын болса, 100-дің үстіндегі ол біздің аудандарда өз қызметтерін жасап келеді» — деді Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова.
Тағы бір маңызды мәселе – жастар арасындағы жұмыссыздық. Атырау облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 200 мыңнан астам адам тұрады. Он бір мыңы еш жерде оқымайды, жұмыс істемейді. Оларды еңбекпен қамту жайы да күн тәртібінен түскен емес. Жастар арасындағы ресми жұмыссыздық деңгейі 2,9%. Бұл — ресми дерек. Жұмыспен қамту орталықтарына жыл басынан бері 10 мыңнан астам жас хабарласып, 3455-і еңбекпен қамтылған.
«Бос орындар жәрмеңкесін өткіздік қой, 30 компания болдыма өзіміздің тікелей арласуымызбен қатысып отырған және неше жасты олар жұмысқа алды. Және олардың ақпараттарын алып, өзіміздің берген қпараттар көзінде көрсетіп отырмыз. Себебі нәтижесі бар, көріп отырмыз бар екенін» — деді Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова.
Мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан мүмкіндік көп. Кәсіп ашу үшін 2 жарым пайызбен жеңілдетілген несие берілуде. Биыл 136 жасқа шағын несие беру жоспарда бар. Ол үшін қазынадан 680 миллион теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 68 адамның өтініші қанағаттандырылып, 32-нің есепшотына ақша аударылыпты. Басқарма жұмысындағы тағы бір басым бағыт — мемлекеттік тілді дамыту. Қазіргі жахандану жағдайында мұның өзекті екендігін облыс басшылары жақсы біледі.
«Қазіргі уақытта біздің бағытымыз қазақ тілін меңгеру, қазақ тілін үйрету бағытында да тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Белина этно-мәдени бірлестігі өздері қазақ тілін оқыту курсын бастаған болатын. Сондай-ақ үйде сөйле аула клубы ашылды. Ал Заман тұрғын үй кешенінде коворкинг орталығын қыркүйек айынан бастап тіл курстарын ашу жоспарланып отыр. Аптасына екі рет өткізілетін болады» — деді Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова.
Атырау облысы – қазақтілді халық шоғырланған өңірлердің бірі. Облыстағы 690 мыңнан астам адамның 93 пайызы қазақ, одан кейін саны бойынша орыс, кәріс, татарлар, өзбек, украин ұлтының өкілдері тұр. Басқа этностардың үлесі 1,2 пайыз. Көп ұлт өмір сүріп жатса да облыста конфессияаралық немесе этникалық қақтығыс тіркелмеген. Бұл да – басқарма жасап отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі болса керек.