CaspianLife, 15 наурыз — «Қайрат» пен «Каспий» футбол командаларының арасындағы матч жанжалмен аяқталды. Жанкүйерлерді басуға арнайы СОБР күштері шақыртылды, деп хабарлайды Caspian Life.
«Қайрат» футбол командасының жанкүйерлері әлеуметтік желіде ойын кезінде тәртіп сақшылары жанкүйерлерге қысым жасағанын жазды.
«Бүгін Алматы қаласында өткен Қайрат-Каспий командалары арасындағы матчта тәртіп сақшылары мен арнайы жасақ тарапынан матч кезінде жанкүйерлерге қысым көрсетілді. Тәртіп сақшылары жанкүйерлерді стадионнан қүшпен шығара бастады. Аталған оқиғада жанкүйерлер тарапынан ешқандай қарсы әрекет, құқық бұзушылық орын алған жоқ», — делінген жазбада.
Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, жанкүйерлер трибунада пиротехника қолданыпты.
«Жанкүйерлер техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Сондықтан, ІІД қызметкерлері қауіптің алдын алу үшін шара қолданды», — делінген «Қайрат» клубының хабарламасында.
«Қайрат» ФК-ның баспасөз қызметі спорттық адалдық пен жанкүйерлерді олардың клубқа жататындығына қарамастан құрметтеу қағидаттарын ұстанатынын және стадиондағы зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктің көріністерін ақтамайтынын алға тартты.
Алматы полиция департаменті Орталық стадионда футбол ойыны кезінде тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқарған полицейлер адам көп жиналатын орындарда пайдалануға тыйым салынған шамдарды жағу фактілерінің жолын кескенін хабарлады.