CaspianLife, 17 ақпан — Атырауда ет өнімдері қымбаттады. 2022 жылмен салыстырғанда биыл сиыр етінің құны 33 пайызға, тауық еті 23, жылқы еті 13, қой еті 12 пайызға өскен, деп хабарлайды CaspianLife.
Мұны сатушылар да растайды. Олар ет қымбаттағалы тұтынушының да азайып кеткенін айтады. Ақыры өтпеген өнімді арзанға сатып, пайда көрмей отырмыз дейді.
«Осы жаңа жылдан кейін біздің бағамыз көтеріліп кетті. 2500-нан алып жатырмыз етті. Бұрын 2000-2300-ге алып жүрдік. Қазір 2500. Не айтам енді? Нарыққа байланысты. Сонда жаңа бір малды алсақ. Сиыр сойса қазір 10 мың болған болар, бұрын 8 мың болды. Одан кейін таксиің бар 1500. Түсірген балаларға мың теңгемізді береміз. Лабораторияға 650 теңге береміз. Сонда бір сиырдан жоқ дегенде 12-13 мың расход шығад. Соның бәрі біздің мойнымызда» — деді сатушы Клара Ерғалиев.
Қазіргі таңда сиыр етінің бір келісі «Дина» сауда орнында 2400 теңге болса, «Сарайшық» коммуналды базарында 2700, ет дүкендерінде 2500 теңгеден сатылуда.
Ет және ет өнімдерінің қымбаттауына логистикалық шығындар да әсер етуде. Себебі, сауда орындарындағы еттің бір бөлігі басқа өңірлерден әкелінеді. Ал, облыстық әкімдік ет бағасын тұрақтандыру мақсатында 200 млн.теңгеден астам қаражат бөлген.
«Бүгінгі күні 258 тоннадан астам сиыр етінің жауырын, төс бөлігін 1998-2098 теңгеден тұтынушыларға ұсынылған болатын. Атап өту керек, аталған өнім Идеал және Лидер сауда желілерінің 38 нүктесінде, Ярмарка сауда желісінің 2 нүктесінде, сондай-ақ, Ет Гастроном және Халел ұста сауда нүктелерінде қолжетімді бағада тұтынушыларға ұсынылуда» — деді Атырау облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмаситов.
Қолжетімді бағада сатылып жатқан ет сапасы мен құны тұрақты бақылауда дейді басқарма өкілдері. Олардың айтуынша еттің 70-80 пайызын суда орындарына жергілікті шаруалар жеткізеді. Ал 10-15 пайызы көршілес Орал қаласынан тасымалданады. Биыл үкімет тарапынан мал шаруашылығына берілетін субсидия көлемі былтырмен салыстырғанда азайған. 2022 жылы бұл мақсатта 2 млрд теңге бөлінсе, биыл 1 млрд 900 млн теңге қарастырылыпты. Ал, шаруаларға субсидия беру наурыз айында басталмақ.