CaspianLife, 31 қаңтар — Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне қарасты №2 жатақхананың студенттері қауіпсіз жерге көшіріле бастады. Өйткені олар тұрып жатқан ғимараттың құлау қаупі бар көрінеді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы осылай деп алдын ала қорытынды шығарыпты, деп хабарлайды CaspianLife.
«Мына біздің екінші жатақханада аталған ақаулықтарға байланысты қараша айында анықтаған болатынбыз. Соны анықтағаннан кейін мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияладық. Техникалық қауіпсіздік туралы сараптама беруге. Оның қорытындысы бойынша бір мекеме анықталып олар бізге жәй жөндеу деп анықтама берген. Енді міне кенеттен жарық көбейіп кетіп, құрылыс басқармасы мамандарының көмегіне жүгініп шақыртқан болатынбыз. Олар келіп зданиенің құлау қаупі бар деді. Сол себепті жатақхананы босатып жатырмыз» — деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің инфрақұрылым бойынша жауапты қызметкері Жалғасбай Шағыров.
№2 жатақханада 500 дей студент бар. Қазір олар өзге оқу орындарына тиесілі жатақханаларға орналастырылып жатыр.
«Қазіргі таңда 142 студентіміз басқа қалалардан, басқа мемлекеттен Қытайдан, Өзбекстаннан келіп отырған студенттеріміз бар. Бірінші сол студенттерді орналастырып аламыз. Оларға уже қазіргі таңда Апек колледжі бізге 90 орын беріп отыр. 90 орынға түс қайта студенттерімізді көшіреміз. 1 және 3 жатақханаға 70 студентті көшіреміз. Қазіргі таңда Атырау мұнай және газ университетімен сөйлестік. Оларға бір 150 студентімізді көшіреміз» — деді Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Ләйлә Қойшығұлова.
№2 жатақхана ғимаратының бой көтергеніне шамамен жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2017 жылы жасалыпты.