CaspianLife, 31 қаңтар — Пәкістанның солтүстік-батысындағы Пешавар қаласындағы мешіттегі лаңкестік әрекеттен көз жұмғандар саны 83-ке дейін өсті, 150-ден астам адам жарақат алды. Қаза тапқандардың көпшілігі полиция қызметкерлері, деп хабарлайды CaspianLife.
Ауруханаға барған елдің премьер-министрі Шахбаз Шариф жарылыстың артында тұрғандарға қарсы «қатаң шаралар» қабылдауға уәде берді. Бастапқыда теракт үшін жауапкершілікті пәкістандық Талибан командирі өз мойнына алған еді, бірақ кейінірек ұйым діни нысандарға жасалған шабуыл оның саясатына қайшы келетінін түсіндіріп, шабуылға қатысы жоқтығын айтқан.
Қаланың қатаң қорғалатын аймағында орналасқан сунниттік мешіттегі шабуыл соңғы жылдардағы Пәкістан қауіпсіздік күштеріне жасалған ең қауіпті шабуылдардың бірі болды.
Қазір оқиға орнында құтқарушылар тірі қалғандар мен қаза тапқандарды іздеу операциясын жалғастырып жатыр.
Пешавардағы Леди Рединг ауруханасында төтенше жағдай жарияланды – жаралылар әлі де келіп жатыр, көбінің жағдайы ауыр.
Өткен наурызда Пешаварда шииттердің мешіті жарылып, ондаған адам қаза тапты. Исламабадта полиция лаңкестік қауіп-қатердің жоғары деңгейін жариялап, астанадағы және одан тыс жерлердегі барлық бақылау-өткізу бекеттерінде тексеру күшейтілді.