CaspianLife, 24 қараша — Атыраудағы «Салтанат сарайы» ғимаратының тұрағында төтеншеліктердің қыс мезгіліне дайындығы тексерілді.
Оқу-жаттығу жұмыстарымен танысуға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және сала мамандары қатысты. Оның мақсаты – қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің дайындығын тексеру. Іс-шара барысында өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктерімен қоса құрал-жабдықтар толықтай тексерілді. Облыс әкімі орынбасары әр қызметтің жұмысымен жеке танысып, дайындығын көріп шықты.
«Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, еліміз бойынша «Қыс-2022» Республикалық командалы-штабтық оқу-жаттығуының дайындығы тексерілуде. Негізгі оқу жаттығу практикасы Жылыой ауданында екі күн бойы өтеді. Қысқы мезгілде барлық жағынан дайын болуымыз керек. Баршаларыңызға сәттілік тілеймін», — деді Қ.Нұртаев.4
Айта кетейік, облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің 705 қызметкері еңбек етсе, оның ішінде 415-і жауынгерлік құрам.