CaspianLife, 18 қараша — Құрманғазыда аудандық Жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қарасты зейнеткер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы 2017 жылы құрылған болатын.
Жалпы аудан бойынша 298 мүмкіндігі шектеулі бала болса, осы орталықта 20 бала тәрбиеленіп, 8 бағыт бойынша қызмет алады. Осы тұрғыда орталықта балаларға музыкалық сауат беру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесі болып балалар бірқатар жетістіктерге жетіп жүр.
«Құрылысшылар мекенжайында орналасқан ескі ғимарат зейнеткер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы теңгеріміне берілген болатын. Қазіргі уақытта құрылыс бөлімі арқылы ғимаратты реконструкциядан өтуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа ғимараттан осы өнерпаздарымызға арнайы зал беріледі деп жоспарлануда. Сол кезде үйірмеге тағы да балаларды көптеп тартамыз деген ойымыз бар»,-деді орталықтың үйірме жетекшісі Болат Бидуаллаев.
Оның айтуынша, биылдан бастап орталықтың ішінен балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Шулы аспаптар ансамблі» атты үйірме ашылған болатын. Үйірменің мақсаты – балаларды ортаға бейімдеп, өздерін еркін ұстап, әртүрлі аспаптарда ойнауға үйрету болып табылады.