CaspianLife, 16 қараша — «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 30 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Атырау қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен мемлекетімізден тысқары шығарылды.
«Қазақстан Республикасындағы консулдық қызметінің күшімен 22 азаматқа «Өз еліне қайтару куәлігі» рәсімделе отырып, азаматтар шекараға дейін арнайы ұйымдастырылған автобустармен жеткізілді. Анықталғандай шетелдік келімсектер Атырау қаласына 2008 жылдары ешқандай құжаттарсыз қоныс аударып, тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтар қатарына қосылған. Сонымен қатар қайыршылықпен де айналысқаны белгілі болды», – деді, Атырау ОПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Әділжан Жаншин.
Полицейлердің сөзінше, заңсыз жүрген шетел азаматтары көбіне қылмыстық қол сұғушылықтың нысанына айналады немесе оларды өздері жасайды.
Айта кетейік, Атырау қаласы аумағында 27-31 қазан аралығында «Мигрант» іс-шарасы заңсыз көші-қон арналарын, шетелдіктерді заңсыз жұмысқа орналастыру деректерін анықтау мақсатында өткізілді.Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.