CaspianLife, 16 қараша — Атырауда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы ел біріншілігі өтіп жатыр. Мұнда 17 облыстан келген 500-ден астам спортшы Қазақстан чемпионы атағы үшін бақ сынасуда.
Татами шеберлері 14 салмақ дәрежесінде белдеседі. Доданың алғашқы күнінде әйелдер арасында 48 және 52 келі салмақтағы, ал ерлер арасында 60-66 келідегі жеңімпаздар анықталды.
«Осы спорт түрінен жаңадан жақсы спортшылар, жаңа есімдер шығып жатыр. Алдағы уақытта құрама команда жаңартылады. Олармен басқаша жұмыс атқаратын боламыз. Жаңа жұмыстар басталып, келешекте жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын»,-деді Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы президенті Асхат Жіткеев.
Өз облыстарының намысын қорғауға келген спортшылар чемпионатқа аз дайындалмапты. Әсіресе, тақымын қысып отырған бапкерлері балуандарға үміт артатындарын жеткізді.
«Біздің спортшыларымыз 2003-2004 жылғы балалар. Біз оларға сенеміз. Бұл жарысқа 1 жыл бойы дайындалдық. Сол уақытта жоспар құрып, Қазақстан біріншілігіне жоғары деңгейде дайындалдық»,-деді Ақтөбе құрамасының аға бапкері Сәтжан Тойлыбаев.
Спортшылардың арасында халықаралық деңгейдегі жарыстарда орын алып жүргендері де бар. Алайда, бүгінгі белдесу оларға да оңай түспеген сыңайлы.
«Құдай қаласа, келесі белдесуімде жақсы өнер көрсетемін. Спортшыға ең бастысы көп еңбек және тренермен жақсы қарым-қатынас керек»,-дейді Азия чемпионы Данияр Шамшаев.
Бұл додада жүлделі орынға қол жеткізгендер ұлттық құрама сапына алынады. Ол жақта жақсы өнер көрсеткен спортшылар 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына қатысады.