CaspianLife, 9 қараша — Атырауда 2-3 күннен бері газ тапшы. Кейбір газ құю бекеттері жұмыстарын уақытша тоқтатса, өзгелері тек талон арқылы сатып жатыр.
ҚР энергетика министрлігінің шешіміне сәйкес қараша айында Атырау мұнай өңдеу зауыты облысқа 5744 тонна сұйытылған газ сатуы керек еді. Алайда зауытта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан министрлік бекіткен көлем 35 пайызға қысқарған. Қарашаның басынан күні бүгінгі дейін зауыт ішкі нарық үшін тәулігіне бар болғаны 90 тонна автогаз шығарыпты. Ал, бүгіннен бастап оның көлемі тағы азайып, зауыт қазір күніне тек 60 тонна сұйық отынды нарыққа жөнелтіп отыр.
«Жергілікті атқарушы орган тарапынан және ҚР энергетика министрлігімен бірлесіп бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы Казахойл мекемесінен 700 тонна және Gas Processing мекемесінен 400 тонна газ өңдіруге, Атырау облысына әкелуге жұмыстар жүргізіліп жатыр. Баға 50-55 теңге аралығында сақталады», — дейді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы бөлімінің бас маманы Анар Ахметова.
Әкімдіктің жоспары орындалса, келесі аптаның соңына дейін Атырауға Ақтөбе облысынан сұйытылған газ жеткізіледі. Энергетика басқармасындағылардың айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорын тәулігіне 500 тонна газ өндірмек. Бірақ, бұл күн қарашаның аяғына қарай туады деген болжам бар.