CaspianLife, 9 тамыз — Балалар жылында «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Халықтың әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам бала мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болатынын айта кетейік. Бұған дейін бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, биыл көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек.
Сондай-ақ, ата-аналар балаларына оқу жылына қажетті кеңсе тауарлары мен киімдерді өз бетінше таңдай алады. Бұған әкімдік алып берген тауарлардың көлемі мен сапасына байланысты шағымдар себеп болды.
«Ата-аналардың шотына ақша тікелей түсіп, мектеп формасын, кеңсе тауарларын және балаларға арналған аяқ киімді өз бетінше таңдай алуы үшін заңнамаға түзетулер енгіздік. Мұның артықшылығы – бала ата-анасымен бірге өзі таңдаған киіммен мектепке бара алуында. Мектептерді қаржыландыруды, оның ішінде оқушыларды қолдауды әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алуға тиісті барлық балаларға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұл ең төменгі сома, ал бұрын сомалар әртүрлі болды — 17 мың, 20 мың және 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін еді», — деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.