CaspianLife, 18 наурыз — Ел аумағында дүкендердің сауда үстемесін сақтауы бойынша тұрақты тексерулер жүргізіледі.
Елімізде 1,3 млн тонна азық-түлік тауарларының қоры бар. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Еркінұлы Баттақов мәлім етті.
«Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында республикалық және өңірлік деңгейлерде шаралар қабылдануда. Осылайша, елімізде 1,3 млн тонна азық-түлік тауарларының қоры бар, бұл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып отыр. Бұдан басқа, бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлыққа жол бермеу үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдар дүкендердің сауда үстемесін сақтауы бойынша тұрақты тексерулер жүргізеді», — деді Е. Баттақов.
Оның айтуынша, Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша «айналым схемасы» аясында сатып алуды қаржыландыруды 54,6-дан 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Ал тұрақтандыру қорларын есепке алатын болса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу үшін қаржыландырудың жалпы көлемі 140 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болады.
«Бағаны тұрақтандыру құралдарын жетілдіру мақсатында біз жаңа тәсілдерді әзірлеудеміз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сатып алу көлемін ұлғайтумен, үш бағыт бойынша тауарлар бөлінісінде азық-түлік сатып алуды ұсынамыз. Біріншіден, ұзақ мерзімді сақтау тауарларын (күріш, қант, тұз және қарақұмық жармасы) біз тұрақтандыру қорларына жергілікті атқарушы органдардың тікелей және форвардтық сатып алуы арқылы сатып алу жүргізуді ұсынамыз. Екіншіден, «айналым схемасы» аясында көкөністерді, етті, сүт өнімдерін және күнбағыс майын сатып алу жүргізіледі. Үшіншіден, ұн және нан өндірісін арзандату үшін бидайды «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арқылы сатып алу ұсынылады. Жоғарыда аталған тәсілдер халықты өніммен жеткілікті көлемде және қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді вице-министр.