CaspianLife, 24 ақпан — «Жасыл даму» мемлекеттік ұйымына берілген 200 млрд теңгеден астам қаражаттың жартысы отандық автокөлікті несиелендіруді субсидиялауға жұмсалмақ.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр отандық телеарналардың біріне тікелей эфирде берген сұхбатында осындай жағымды жаңалықпен бөлісті.
«Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында 4 немесе 5 рет келіссөздер раундын өткіздік. Біз утилизациялық алымды толықтай жойсақ, елге ескі автокөліктер кіріп кетеді. Сондай-ақ, отандық автонарықты ынталандырудың өзге де жолдарын талқыладық», -дейді Роман Скляр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қаңтарда «Жасыл даму» мемлекеттік ұйымына берілген 200 млрд теңгеден астам қаражатты халықтың игілігіне жұмсау туралы шешім қабылданған.
«Оны қалайша халық игілігіне жұмсайсыз? Біз осы қаражаттың 100 млрд теңгесін отандық автокөлікті несиелендіруді субсидиялауға беретін болдық. Оның ережесі мынадай болады: алғашқы жарнасыз жылына 4 пайызбен 7 жылға несие беріледі», -деді ол.
Бұрын бұл бағдарлама бойынша халық машина құнының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде салуы керек еді.