CaspianLife, 17 ақпан — АМӨЗ 2 жылдан астам уақыт басқарған Шухрат Данбайға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, яғни сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салды деген айып тағылып отыр.
Естеріңізге салайық, елдегі дүрбелеңнен кейін президент жанар-жағармай бағасын негізсіз өсіргендерді анықтауды тапсырған болатын. Қазір мекемені бірнеше мемлекеттік орган тексеріп жатыр. Petrocouncil мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Джакиевтың айтуынша, тексерістен кейін бұрынғы басшының қатарына басқа да қызметкерлердің қосылуы әбден мүмкін.
Мұнай-газ нарығындағылар зауытта не болып жатқанын бұрыннан білетін. Көпшіліктің көкейінде жаңғыртуға қатысты да күдік болды. Оның ішінде шикі мұнайды зауытта өңдеу схемасы бойынша да мәселелер туындаған еді. Яғни, өзге компаниялар бұл жерге кіргізілмеген. Соның әсерінен бәсекелестік шектеліп, нарық дамымай қалды, — деді Petrocouncil мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Джакиев.
Сонымен қатар, кәсіпорын зауытқа қызмет көрсететін көптеген аутсорсинг компанияларға мұнайды тегін өңдеп берген. Мысалы, басшылық газ бен сутегіні өндіретін қондырғыны басқа мекемеге беріп, кейіннен өндірілген өнімді сатып алып отырған. 2020 жылы АМӨЗ кірісі 17 миллиард теңге болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 34 миллиард теңгеге жетті. Қазіргі кезде кәсіпорынның кредитОрлар алдындағы қарызы 600 миллиард теңге.