CaspianLife, 29 желтоқсан — Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов денсаулық сақтау саласының 19 жас қызметкеріне ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты пәтер кілтін табыс етті.
«Тәуелсіздік жылдары облыстың денсаулық сақтау саласы қарқынды дамыды. Салаға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Денсаулық сақтау саласы 100 процентке цифрландырылып, өңірдің медициналық ұйымдарына жаңа технологиялар енгізілуде. Қазір облыстың медициналық техникалармен жабдықталу көрсеткіші 91 процентке жетті. Облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясының базасы 100 пайызға толықты. 30 жылда облыста 65 денсаулық сақтау ғимараты қолданысқа берілді. Аудандардың барлығында жаңа емханалар бой көтерді. Осындай жемісті жұмыстардың арқасында тұрғындардың орташа өмір сүру көрсеткіші 66 жастан 70,5 жасқа дейін артты. Қазір облыс халқының саны 433 мыңнан 665 мың адамға дейін жетті»,-деді облыс әкімі М.Досмұхамбетов.
Аймақ басшысының айтуынша, келер жылы 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау, жаңа 2 нысанының құрылысын бастау және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында облыстық аурухана базасынан 20 төсектік гемодиализ орталығын ашу жоспарда тұр.
Дүниежүзін жайлаған коронавирус індетімен күрес – қарусыз майдан десек те болады. Осы індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбектері ұшан-теңіз. Сіздер үй-жайды ұмытып, уақытпен санаспай, науқастарды емдеуде қолдан келген көмектің барлығын жасап жатырсыздар. Осы еңбектеріңіз үшін өзімнің және барлық Атырау халқының атынан алғысымды білдіремін»,-деді облыс әкімі
Салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген Атырау облысының бір топ дәрігерлеріне «Халық алғысы» медалі табыс етілді. Оған қоса 19 жас медицина қызметкеріне пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ, марапатталушылар және дәрігерлер атынан Геолог емханасының дәрігері Бағдәулет Рахманұлы сөз сөйлеп, құттықтау тілегін білдірді.
Әріптестер, бүгінгі марапаттарыңыз құтты болсын! Бізге осындай үлкен мүмкіндік беріп отырған облыс әкіміне және Денсаулық сақтау басқармасына алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта денсаулық сақтау жолында аянбай еңбек етуге әзірміз»,- деді ол.
Айта кетейік, соңғы 30 жылда жаңадан келген жас мамандарды тұрғын үймен қамту мақсатында медицина қызметкерлеріне 89 қызметтік пәтер.