CaspianLife, 1 қыркүйек — Осы аптада Ойыл өзенінде заңсыз салынған бөгеттер бұзылады. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (ЭДСМ) өкілдері Атырау облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Жұмыс тобының құрамында экология вице-министрі Серік Қожаниязов, министрдің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов, су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов және «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов бар.
Сапар аясында Экология министрлігінің өкілдері Атырау облысының Қызылқоға ауданында болып, Атырау мен Ақтөбенің белсенділерімен кездесті. Олардың айтуынша, Ойыл өзенінің төменгі ағысындағы су көлемі азайып келеді. Оған себеп Ойыл өзенінің жоғарғы ағысы мен су құятын салаларында орналасқан заңсыз бөгеттердің болуы.
«Ойыл өзенінің бойында 57 бөгет бар екенін анықтадық. Егер біз осы кедергілерді алып тастасақ, онда судың кедергісіз ағып кетуіне жол береміз», — деді Белсенді Есенбай Нұров.
Өз кезегінде вице-министр Серік Қожаниязов заңсыз салынған бөгеттер бұзылып, арналар тазартылуы тиіс екенін айтты.
«Бұл мәселе бойынша жұмыс екі өңірдің әкімдіктерімен бірлесіп жүргізілетін болады. Заңсыз салынған бөгеттер бұзылады», — деді ол өз сөзінде.
Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов аталған мәселені шешу жоспары әзірленгенін хабарлады. Оның айтуынша, осы жылдың наурыз айында Орал-Каспий бассейндік инспекциясы Ойыл және Жем өзендерінің гидрологиялық жағдайына байланысты мәселелерді шешу бойынша шараларды мақұлдапты.
«Иесіз су объектілері анықталған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар тиісті рәсімдерді жүргізеді. Осыған байланысты, Ақтөбе облысының әкімдігіне бұлақтарды тазарту, иесіз бөгеттерді транзиттік режимге көшіру және өзен арнасын толығымен жабатын бөгеттерді бұзу жөнінде ұсыныс енгізілді. Сондай — ақ, Атырау облысының әкімдігіне Ойыл өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз ету бойынша ұсыныс жіберілді», — деді Досбол Бекмағамбетов.
Хабарламада биылғы 13-18 мамырда болған арнайы жұмыс сапары барысында Ойыл өзеніндегі бөгеттерді аралағаны атап өтілген. Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Жайыл аудандары аумағында Ойыл өзенінің жоғарғы ағысында және оның бассейнінде әртүрлі типтегі 57 тидротехникалық құрылыс бар екендігі анықталды. Олардың ішінде: 8 — республикалық меншікте, 3 — муниципалдық меншікте, 34 — иесіз бөгет, 5 көпір және тазартуды қажет ететін 7 бұлақ бар. Бөгеттер кеңес заманында өзен арнасында және тиісті аумақтарда салынған, сондықтан олардың көпшілігі тозған. Бұл өз кезегінде судың еркін ағуына кедергі келтіріп отыр.