CaspianLife, 27 тамыз — Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасындағы өрт салдарынан бес адам қаза тапты. Бұл туралы бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде хабарлады.
Қорғаныс министрлігінде қаза болғандардың есімдері жарияланды. Олар келісімшарт бойынша қызмет еткен екі әскери қызметші сержант Мешінбай Марат Сайлауұлы, 1981 ж. т., ефрейтор Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы,1981 ж. т. және әскерилендірілген күзет қызметкері азамат Далибаев Оразбек Дайрабекұлы, 1969 ж. т.
«Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Олар жарылыс маңында жүріп түрлі жарақат алды. Әскерилендірілген күзет қызметкері Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Ол да оқ-дәрілер жарылысынан қаза тапты», — делінген Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесінде.
Бұдан әрі хабарланғандай, қаза тапқан төртінші адам оңтүстік өңірдің әскери прокуроры әділет полковнигі Арман Қапезов. Қорғаныс министрлігі қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Қорғаныс ведомствосы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық шара қабылданатын болады.
Бүгін ғана өрт шыққан Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің тағы бір қаза тапқан әскери қызметшісі белгілі болды. Ол өрт сөндіру командасының бастығы, келісім-шарт қызметінің старшинасы Надирбеков Еркін Серікбайұлы, 1992 ж.т.
Еске сала кету керек, кеше, 26 тамызда, жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00-де, Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Өрттің арты инженерлік оқ-дәрілердің жарылуына әкелді. Салдарынан әзірге белгілі болғандай 60-тан астам адам зардап шегіп, 5 адам қаза тапты.