CaspianLife, 23 тамыз — Атырауда электр энергиясы қымбаттамайтын болды. Бұл туралы «Тұтынушылардың құқығын қорғау және бәсекелестікті дамыту» ҚБ президенті Балжан Досмұхамбетова мәлімдеді.
Оның сөзінше, «Атырауэнергосату» ЖШС-ның тарифті қымбаттату туралы ұсынысы қаралатын жиын кезінде мекеме аяқ астынан ойын өзгертіп, табиғи монополияларды реттеу департаментіне жіберген хатын қайтарып алыпты.
«Биылғы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап Атырау облысында электр энергиясының құны өспейтін болды. Өйткені, департамент басшылығы «Атырауэнергосатудың» өз ойынан бас тартқанын хабарлады. Осы орайда жұмыс берушілерге осындай жиналыс ұйымдастырып, мәселенің күн тәртібінен түсіп, бліздің пайдамызға шешуге ықпал еткендері үшін рахмет айтқым келеді», — деді «Тұтынушылардың құқығын қорғау және бәсекелестікті дамыту» ҚБ президенті Балжан Досмұхамбетова.
Коммуналдық қызметтер құнының көтерілуі кәсіпкерлердің де қитығына әбден тиіп болған сыңайлы. Пандемия кезінде шығынға батқан олар электр қуатының құны өссе кәсібіміздің күйі тіпті кері кетерін анық еді дейді.
«Атырауэнергосату» ЖШС басшылығы болса бұл жағдайға байланысты түсінік бергілері келмеді. Еске салайық, олар табиғи монополияларды реттеу департаментіне қыркүйек айынан бастап электр энергиясының құнын қымбаттату туралы өтініш жолдаған болатын. Ал бағаны өсіруге энергия өндіруші ұйымдардың өз тарифтерін көтеруі себеп болды деп көрсеткен.