CaspianLife, 17 тамыз — Талибандар бұрынғы үкіметтің шенеуніктеріне рақымшылық жариялады және күнделікті өмірге оралуға шақырды.
«Барлығына жалпы рақымшылық жарияланды, сондықтан әдеттегі өмірге толық сеніммен оралуыңыз керек», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Ресейдің Ауғанстандағы елшісі Дмитрий Жирнов бұл туралы «Эхо Москвы» радиостанциясының эфирінде айтқан болатын. Оның айтуынша, содырлар бұрынғы үкіметтің қауіпсіздігіне кепілдік берген.
«Бәрі тыныш, олар бірден барлық қауіпсіздік қызметкеріне рақымшылық жасауға кепілдік берді. Қазір біз «Талибан» қорғауындамыз», — деді Жирнов.
15 Тамызда «Талибан» қозғалысының содырлары Ауғанстанның бүкіл аумағын бақылауға алғанын мәлімдеді. Елдің ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, билікті беру ұрыссыз бейбіт жолмен өтеді. Билікті Талибандарға өткізумен ұлттық татуласу жөніндегі Жоғарғы Кеңестің басшысы Абдулла Абдулла немесе Республиканың бұрынғы басшысы Хамид Карзай айналысады.