CaspianLife, 29 маусым — Ақтөбе қалалық №2 соты алаяқтық әрекеттерден 17 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен «Гарант 24 Ломбард», «Естет Ломбард» және «Выгодный займ» компанияларының 48 өкіліне қатысты істі қарауды бастады. Айыптау актісінде мыңға жуық бет бар.
Айыпталушылар «қаржы пирамидасын құру және оның қызметіне басшылық жасау», «ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «алаяқтық» және «заңсыз банк қызметі» баптары бойынша жауапқа тартылмақ. Қылмыстық істің мазмұны 2700 томнан тұрады.
Қаржы пирамидаларының өкілдері салымшыларға қарыздар бойынша жоғары сыйақы беруге уәде берген және жылжымайтын мүлікті бөліп төлеу арқылы жоғары бағаға сатып алып кейін жоғалып кеткен. Нәтижесінде полицияға 17 162 адам жүгінген.
Еске сала кетейік, жәбірленушілер Бас прокуратураға 2020 жылдың қараша айында жүгінген болатын. Мемлекеттік органдар 350-ден астам тексеру жүргізіп, 910 қылмыстық іс қозғаған.