CaspianLife, 23 маусым — Коронавирусқа оң ПТР сынама үлгілерін зерттеу барысында Алматы тұрғынында «Үнді» штаммы анықталды. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өзі барған нысандарды есепке алды, деп хабарлады брифингте қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Бекшиннің айтуынша, науқас үй шаруасындағы әйел. Ол жақын күндері құрылыс базарлары мен азық-түлік дүкеніне барған. Оған вирус ақпан айында коронавирустық инфекциямен ауырған жұбайынан жұққан болуы мүмкін. Себебі, оның жұмысына байланысты ол көбінесе шетелдік іссапарларда болатын көрінеді. Бүгіннің өзінде ол Нидерландыда жүр.
«Алматыда бір ғана жағдай анық болғандықтан, онымен байланыста болғандардың бәрін есепке алдық. Ол үй шаруасындағы әйел, еш жерде жұмыс істемейді, үйде болған. Бірақ күйеуі ақпан айында ауырған. Біз оның да логистикасын қарап, ол барған нысандарды есепке алдық.Қазіргі уақытта олардың пәтерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан әйел адамның құрылыс базарында және жақын маңдағы дүкенге барғанын анықтадық», — деді Жандарбек Бекшин.
Оң ПТР сынақтарының үлгілерін зерттеу әлі жалғасуда.
Өткен аптада коронавирус жұқтырған алматылықтардың арасында «Британдық» штамм мен «Оңтүстік Африка» штаммы расталған.
Алматының бас санитарлық дәрігері түрлі штаммның анықталуына байланысты ауруханада қосымша төсек орындары, жедел жәрдем қызметтері мен дәрі-дәрмектер дайындалып жатқанын атап өтті. Қаладағы карантиндік шараларды қатаңдату үшін еліміздің бас мемлекеттік дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысын күтуде.