CaspianLife, 22 маусым — Сайрам-Өгем шатқалынан осыдан шамамен 1 ай бұрын жоғалып кеткен атыраулық туристтің денесі табылды.
«Түркістан облысының Төле би ауданында Сайрам-Өгем шатқалынан тағы бір мәйіт табылды. 22 маусым күні сағат 11: 50-де іздеу жұмыстары барысында Шымкент ТЖД жедел — құтқару жасағының құтқарушылары мәйітті Айғыржыққан мен Өгем өзендерінің қосылған жерінен жоғары қарай 2 км жерде тапты», — деп хабарлады ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Ол оқиға орнына «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жіберілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, іздеу жұмыстары сегіз бағыт бойынша жүргізілген. Оған 107 қызметкер, 17 бірлік техника, үш квадрокоптер, төрт кинологиялық есеп және бір тікұшақ жұмылдырылған.