CaspianLife, 21 маусым — Токиодағы Олимпиада қатысушылары арасында ПТР-сынамасы арқылы расталған алғашқы коронавирус жағдайы анықталды, деп хабарлайды «Reuters» агенттігі.
Уганданың бокстан Олимпиада құрамасының мүшесі COVID-19-ға сынама тапсырғанда оң нәтиже көрсеткен. Бұл – шетелдік құрама мүшесінен инфекция анықталған бірінші жағдай. Токиода өтетін Олимпиада қатысушыларына сынама тапсыру міндетті саналады.
Угандалық спортшы екі рет сынама тапсырып, екеуі де оң нәтиже көрсеткеннен кейін оқшауланған. Кейін Угандадан келген тоғыз спортшының бәрі «AstraZeneca» вакцинасын алғаны және бортқа отырар алдында ПТР-сынамасы теріс нәтиже көрсеткені анықталды.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтуі керек еді. Пандемияға байланысты жарыстар бір жылға кейінге қалды. Енді биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.