CaspianLife, 15 маусым — Үндістанның Мизорам штатында әлемдегі ең үлкен отбасының 76 жастағы отағасы қайтыс болды. Бұл туралы шетелдік БАҚ өкілдері хабарлады.
Сондай-ақ, аталған штаттың бас министрі де қайғылы хабарды Twitter-парақшасында жариялады.
«Бүгін әлемдегі ең үлкен отбасының отағасы Зиона Чана қайтыс болды. Оның отбасы тұратын ауыл шатымыздың басты туристік орындардың бірі еді. Жатқан жерің жайлы болсын» делінген министрдің мәлімдемесінде.
Зиона Чана, бірнеше әйел алуға рұқсат ететін полигамия тәжірибесін ұстанатын діни сектаның жетекшісі 13 маусым күні түнде қайтыс болған. Оның 38 әйелі, 89 баласы және 36 немересі бар. Кей деректерде жұбайының саны 39 деп те айтылады.
Ер адам қант диабеті мен гипертониядан зардап шеккен. Дәрігерлер Чананың жағдайы Бактанг Тлангнуам ауылындағы үйінде нашарлағанын айтты. Жексенбіде кешке ол ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.
Чана 1945 жылы 21 шілдеде дүниеге келген. Ол алғаш рет 17 жасында үйленді, әйелі Затианга одан үш жас үлкен болған. Отбасында 200-ден аса адам болды. Чананың отбасы әлемдегі ең үлкен отбасы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына да енген.
Чана және оның отбасы тұратын Үндістанның солтүстік-шығысындағы ауыл туристердің қызығушылығын тудыратын ерекше орын саналған. Ол жанұясына арнап Бактанг Зиона ауылында төрт қабатты үй салған, онда 100 бөлме және 17 жуынатын бөлме бар. Әр бөлмеде 3-4 адамнан тұрады.