CaspianLife, 7 маусым — Босниядағы Коньевич Поле елдімекенінде орналасқан шіркеу бұзылып тынды. Осылайша, жергілікті тұрғынның 20 жылдан бергі мақсаты орындалды.
Ислам дінін ұстанатын Фата Орлович 90 жылдары соғыс басталған кезде туған ауылынан бас сауғалай қашыпты. Ал ол қос ғасыр тоғысқан тұста қайта оралғанда өзінің ауласында православ шіркеуі орналасқанын көрген.
«Мен ақыры дегеніме жеттім. Бірақ ол үлкен күшпен келді. Осы аралықта 23 рет ауруханаға жатып шықтым, бәрінде аман-сау қалдым. Бастысы, өз меншігімді өзіме қайтардым», — дейді Фата Орлович.
Сребреницадан әудем жерде орналасқан Коньевич Поле ауылына бір кездері мұсылмандар қашып тығылған. Дәл сол жерде Фатаның күйеуі мен тамыр-таныстары да қаза тапқан еді.
Фатаның өзі шіркеудің болғанына еш қарсылығы жоқтығын айтады. Бірақ еш рұқсатсыз ауласында орналасқаны жанына батқан.
Діни ғимаратқа байланысты дау басталғалы бірнеше рет сот отырыс өтті. Соның ішінде адам құқықтары жөнідегі Еуропа соты да мәселеге майшаммен үңілді. Дегенмен қай-қайсысы да ғимараттың заңсыз салынғанын растап үкім шығарған. Енді Босния және Герцеговина билігі Фатаның отбасына шығынды өтеп беріп, ауыл сыртында жаңа шіркеудің құрылысын бастамақшы.
Әзірге православ дінін ұстанатындар тарапынан қарсылық білдіріп жатқан ешкім байқалмайды.