Ресей өзінің шекарасына көз алартқандардың жағын айырып, тісін қағып алуға дайын. Бұл сөзді патриоттық тәрбие беруге арналған «Победа» ұйымдастыру комитетінің отырысында Владимир Путиннің өзі айтты.
Көрші президенттің айтуынша, бәзбіреулер үшін Ресей тым кең, тым үлкен көрінеді.
Владимир Путин, Ресей президенті
Бәрі бізді тістеуге құмар немесе біздің бір жерімізді жұлып алуға дайын. Бірақ олардың сондай әрекетке бармасы үшін қай-қайсысының да тісін қағып тастаймыз. Оған әскери әлеуетімізді дамыту ғана кепіл бола алады.
Путин әңгіменің қайдан шығып, қалай басталғанын да білетінін айтты. «Мұндай алып аймақтың байлығы Ресейге ғана тиесілі болғаны әділдікке жатпайды» деген Сібірге қатысты сөздің соңында суық көңілді мемлекеттердің тұрғанын ыммен жеткізді.
Жалпы, осы екі ауыз сөздің иесі ретінде 90-жылдардың аяғында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы болған Мадлен Олбрайт айтылып жүр. Бірақ оның өзі мұндайды айтпақ түгілі ойлап көрмегенін сан мәрте қайталаған еді.