CaspianLife, 12 мамыр — Бүгін оразаның соңғы күні. 13 мамырда ораза айт. Биыл Қазақстан бойынша ораза айт намазын мешіт аулаларында оқуға рұқсат берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүкіл ел бойынша мешіттердің аулаларында мерекелік намазды аймақтық бас санитарлық дәрігерлердің қаулысымен өткізуге рұқсат етілгені туралы мәлімдеме таратты. Атырауда мерекелік Ораза айт намазы сағат 07.00-де басталады.
Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мұсылман қауымдастығын келесі сақтық шараларына назар аударуға шақырады:
– Бетперде (маска) киіп келу;
– Үйден дәрет алып келу;
– Намаздан соң қол беріп амандаспау;
– Намаздан кейін көп кідірмей үйге қайту;
– Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;
– Науқастар мен әйелдердің айт намазына қатыспағаны абзал.
ҚМДБ барлық мұсылмандарды осы жағдайға түсіністікпен қарауға шақырып, эпидемияның таралуын болдырмау үшін әр азамат өзінің отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек, мешіттің санитарлық талаптары мен тәртібін сақтауы керектігін жеткізді.
Олар таратқан мәлімдемеде «Барша жамағатты өзі мен отбасының, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Жаратқанға дұға жасауға үндейміз. Алла Тағала жер бетіндегі күллі адамзатты түрлі апаттан сақтап, жұқпалы індеттен аман еткей! Әмин!», — делінген.
Фото: Рахим Қойлыбаев