CaspianLife, 5 мамыр — Бүгінде апат салдарынан жарақат алған 70 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Мамандар мерт болғандардың саны тағы артуы мүмкін деп отыр.
Өйткені қирандылар астында тағы адамдар қалып қойған болуы мүмкін. Көпірдің басқа бөліктерінің қирау қаупі болғандықтан құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды.
«Бірнеше аурухананы аралап шықтым, бірақ ұлымды таба алмадым. Полиция учаскесіне келгенде баламды қаза тапқан адамдар арасынан табылғанын естідім. Ұлымды қайтара алмаймын. Биліктен әділдікті талап етемін», — дейді қаза болған азаматтың әкесі.
Мексиканың бұқаралық ақпарат құралдары құлаған метро көпірі осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға жарамсыз екенін жарыса жазған болатын. Жергілікті тұрғындар да сол мәселеге шағымданған болатын. Мәселен, 2017 жылы болған жер сілкінісінен кейін көпірде жарықтар пайда бола бастаған. Алайда, биліктің екі мәрте жүргізген тексеруінен кейін еш ақау табылмапты. Енді ел президенті шетелдік сарапшылармен әділ тергеу жүргізуге уәде беріп отыр.
«Бәрі әділ әрі ашық өтеді. Ештеңені жасырмаймыз. Мексика халқы бар шындықты білетін болады. Тергеу барысын күнде жариялап отырамыз», — деді Мексика президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор.
Мексикада қайғылы оқиғаға байланысты 3 күн аза тұту деп жарияланды. Естеріңізге салайық, апат мамырдың 3-і күні болды. Ел астанасындағы метро көпірі жолаушылар отырған пойызбен бірге құлаған болатын.