Із-түссіз жоғалған атыраулық Наурыз Әйтекешовтың денесі табылды. 2021 жылдың 6 ақпанында үйінен шығып кеткен жігітті іздеу жұмыстары 15 ақпан күні кешке тоқтатылған еді, өйткені құтқарушылар Жайық өзенінің жағасындағы елді мекендерді, қала аумағы мен туристік базаларды, қыстау-саяжайларды тексергенмен, нәтиже шыққан жоқ.
Денсаулығында кінәраты бар азаматты бірі Береке ықшам ауданынан көрдім десе, екіншісі Жұлдыз мөлтек ауданынан байқағанын айтқан болатын. Бірақ, жоғалған жанның мүрдесі 17 сәуір күні қала сыртындағы Талқайраң елді мекеніне қарасты шаруа қожалығындағы контейнерден табылды.
Мәйітті қарау кезінде дене жарақаттары табылған жоқ. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, мүрде мәйітханаға тапсырылды.