Қазақстанда қыркүйекке дейін 10 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин айтты.
Премьер-министр сәуір, мамыр және маусымда барлығы 6 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина салдыратынын айтты. Айына 2 миллион адамды вакцинациялау жоспарланған.
«Қыркүйекте екпе салдыратын бірінші топтағы 10 миллион адамды вакцинациялау жоспарланып отыр. Осыдан кейін ұжымдық иммунитетті қалыптастырамыз деген үміттеміз», — деді Мамин Үкімет отырысында.
Бұған дейін 10 миллион адамға коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспарланғаны хабарланған болатын.
«Сонымен қатар жекелеген бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге шара қабылдауды және белгіленген жоспарға сәйкес өңірлерге вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі медиажоспарды өзектендіріп, Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп вакцинациялаудың маңызы туралы кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізсін», — деп тапсырды премьер-министр.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сәуірде өңірлерге жеткізілетін коронавирусқа қарсы вакцина дозасы көбейгенін мәлімдеген еді.