Осыдан 5 күн бұрын жоғалған 54 жастағы Тыныштық Уразалиев әлі табылмады. Ол 6 наурыз күні кешкі сағат 18-00 шамасында үйінен жұмысына шыққан. Бірақ, сол кеткеннен хабарсыз.
2 күннен кейін жақындары әуелі полицейлердің, тағы екі тәулік өтісімен құтқарушылардың көмегіне жүгініпті.
Алайда үй іші құзырлы органдар ешқандай хабар, ең болмағанда бір ілік те таппады дейді. Ал, құтқарушылардың айтуынша, жоғалған азаматты ауыл арасында көргендер бар. Бірі 8 наурызда дүкеннен тауар алды десе, енді бірі 9 наурызда Жұлдыз ықшамауданынан байқағанын айтыпты.
Кез келген үй мен нысандарды тексеруге тек полицейлердің құзіреті бар болғандықтан, жақындары құзырлы органдардың осы іске жауапкершілікпен қарауын сурайды. Ал полицейлер арыз түскен сәттен, іске кірісіп, қазірдің өзінде куәгерлерден жауап алынғанын, әрі қарай іздеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
Бауырын асыға күтіп отырған жақындары қандай да бір ақпарат білетіндер болса 102-ге немесе төменде көрсетілген нөмірлермен байланысып үй ішін хабардар етуді сұрайды.