Nur otan партиясы азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермей, ауылдықтардың тұрмыс жағдайын жақсартпақ.
Ол үшін бес жыл бойы әр аудан орталығында ауылшаруашылық өнімдерін сатуға арналған нысандар ашуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, депутаттар биылдың өзінде азық-түлік құнын өсірмеуге міндеттелген 260 кәсіпкермен келісімге отырмақ. Олар жиылыста жауапты тұлғалардан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер туралы толық мағлұмат сұрады.
Жиында жұмыртқа бағасының тым қымбаттап кеткендігі жөнінде де айтылды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары бұл мәселені пандемиямен байланыстырады. Дегенмен олар алдағы уақытта бұл мәселе түбейгейлі шешіледі деп отыр. Себебі жергілікті құс фабрикалары бірнеше партия тауық сатып алыпты. Олардың алғашқы легі жұмыртқа бере бастаған.
Балық шаруашылығы саласында да алға қойған жоспар аз емес. Кооперативтер 2025 жылға дейін 16,5 тонна бекіре балығын аулап, 2 мың келі қара уылдырық алуды көздейді. Сондай-ақ, экспортқа шығарылатын балық көрсеткішін 90 пайызға жеткізбекші. Жауапты органның басшысы шетелге заңсыз шығарылатын балық туралы да айтты. Мұның алдын алу үшін тиісті министрлік арнайы электронды жүйені қарастырып жатқан көрінеді. Кооперативтердің тағы бір мәселесі – теңіз көлігіне деген қажеттілік.
Балық аулау кооперативтерінің өкілдері балықты экспортқа шығару үшін қажетті сертификатты алудың ұзақ уақытты қажет ететіндігіне шағымданды. Өйткені, бұлар құжатпен бас қатырып жүргенде, өнімдері тез бұзылып кетеді екен. Ал депутаттар бұл мәселені көп ұзамай шешеміз деп уәде етті.