2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация басалады. Бірінші және екінші кезекте вакцина салынатын дәрігерлер мен педагогтер екпеден бас тарта ала ма? Аталған сұраққа денсаулық сақтау министрлігі жауап берді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Ведомство өкілдері вакцина еркін түрде жасалатынын айтты.
«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация еркін түрде екпе салынатын адам қажет ақпарат алғаннан кейін ғана салынады. Қазақстанның «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің 77-бабына сәйкес ҚР азаматтары вакцинациядан бас тартуға құқылы«, — деді ДСМ өкілдері.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі «вакцина еркін түрде жүргізілетіндіктен екпеден бас тартқан жағдайда ештеңе болмайтынын» айтты. Алайда вакцина салдырмаған адамдар шетелге шыққан жағдайда қандай шектеу болатыны белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина салдырған адам еркін жүре алатын электрон паспорт енгізілетінін хабарлаған болатын.
Министр елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялау 1 ақпанда басталатынын және жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа екпе салынатынын айтқан еді. Сондай-ақ Цой вакцинациялау кезеңдері мен кімдерге бірінші кезекте салынатынын түсіндірді.