АТЫРАУ, CASPIAN LIFE. Жел тұрғанда шөптің басы қимылдамақ түгіл, шырқай көкке шатырлар ұшатынына атыраулықтар үйренген. Осындайда нысандар құрылысы сапасыз екені байқалып қалып жатады. Таңертеңгілік ТЖД-не Нұрсая ықшамауданындағы 84 үйде 72 шаршы метр аумақты қамтитын шатырдың ұшуы туралы ақпарат түскен.
Кейін Азаттық даңғылындағы 77 тұрғын үйдің 16 шаршы метр бөлігіндегі жабынды ұшып, жерге құлаған. Ілешала жедел-құтқару жасағы сынған конструкцияларды нығайтып, аймақты қоршап, тұрғындардың өміріне төнген қауіпті жойды. Екі жағдайда қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Жантөре ДЕМЕШОВ, Атырау облыстық ТЖД бөлім бастығы
Жедел құтқару жасағының арқасында, Азаттық даңғылындағы қауіп сейілді. Ал Нұрсаядағы 5 қатарлы үйдің төбе жабындысы бойынша әкімдікпен жұмыстар атқарылып жатыр. Желдің ұйытқуына байланысты, тұрғындарға үйден шықпауға кеңес береміз.
Синоптиктер Атырау облысының кей жерлерінде аздаған қар жауып, жылдамдығы 25 м/с-қа дейін жететін қатты жел тұратыны туралы ескертеді. Осыған байланысты бүгін қала және аудандардағы мектептерде дәстүрлі түрде оқып жатқан оқушылардың сабағы тоқтатылды.
Малика Такежанова, Caspian Life