«Атырау қаласында аяғы ауыр әйел толғағы жиілегендіктен жедел жәрдем бригадасын шақырған. №25 бригада шақырту орнына уақытылы 10 минутта жетті», — деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, бұл жағдай жаңа жыл мерекесі қарсаңында орын алған. Негізінен, 3 санат бойынша шақыртулардың ішінде үй жағдайында босанулар болып тұрады.
«Жедел жәрдем көлігінде болған фельдшер жүкті әйелдің жағдайын қарап, тексеріп, облыстық перинаталдық орталыққа апармақ болады. Бірақ ол сәбиін перзентханаға жетпей, жолда, жедел жәрдем машинасында дүниеге әкелген. Одан кейін біздің мамандар анасы мен нәрестесін облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалады. Айта кетейік, жедел жәрдемде босанған 20 жастағы әйелдің бұл – екінші жүктілігі. Дүниеге келген ұл баланың салмағы 3 келіден асады, бойы – 48 сантиметр», — дейді Наргиз Баймолдаева.
Айта кетейік, дәрігерлік қызметін кәсіби деңгейде сауатты атқарған фельдшер – Мағжан Сүйінғалиев. Жиырма алты жастағы жас маман осымен төртінші рет жедел жәрдем көлігінде жүкті әйелді босандырып отыр. Жас болса да Мағжан жүкті әйелдерге медициналық мекемелерге ертерек хабарласып, уақытылы баруға кеңес береді. «Өйткені, қазіргідей пандемия жағдайында алдын ала босану орталықтарына барып, дәрігердің бақылауымен алдын ала сынамалар тапсырып, қауіпсіз жағдайда босанған жақсы», — дейді.